«№9 «Әлия» бөбекжай-бақшасы»
коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны
«Өзін-өзі тану» пәнінен
ашық ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі
Тақырыбы:
«Сүйіспеншілік – өмір негізі»
(ересектер «Күншуақ» тобы)
Тәрбиеші Шаймарданова Н.И.
Атырау қаласы
2020 жылдың ақпан айы
Білім беру саласы: «Әлеумет»
Ұйымдастырылған оқу қызметі: Өзін-өзі тану
Тақырыбы: «Сүйіспеншілік - өмір негізі»
Құндылық: сүйіспеншілік
Қасиеттер: татулық, сыйластық, мейірімділік
Мақсаты: Балалардың отбасындағы татулық туралы түсініктерін кеңейте отырып, сүйіспеншілік құндылығының мәнін ашу.
Міндеттері:
Білімділік: Отбасы, татулық ұғымдары туралы түсініктерін кеңейту.
Дамытушылық: Отбасындағы өзара сыйластық, өзара түсініктерін қалыптасуына ықпал ету.
Тәрбиелік: Балаларды мейірімді болуға тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар: Ақ қағаз, ойынға қажетті құралдар, үнтаспа, фломастер.
- Ұйымдастыру кезеңі:
Балалар бір-бірімізге ғажайып жылы сезімімізді білдіріп, алақанымыздың жылуын сезінейік. М.Мақатаевтың өлең жолдарын бірге айтайық.
Анам маған үлкенді сыйла деген,
Сол сөз маған ізгілік кұйған ерен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем.
Тыныштық сәті. «Нұрға бөлену»
Ыңғайланып отырыңдар, денелеріңді түзу ұстаңдар. Аяқ-қолдарыңды айқастырмаңдар.. Қолымызды тіземіздің үстіне қоюға болады. Көздеріңді жұмуларыңы өтінемін.
Елестетіп көріңдер: Күн нұры төбелеріңнен өтіп, кеуделеріңе қарай бойлап барады. Кеуделеріңнің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Нұр сәулесі бойларыңа ақырын тарай бастағанын елестетіңдер. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңа түсіріңдер. Сендердің қолдарың нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Осы нұрды туысқандарыңа, достарыңа бағыттаңдар.
Жаймен көздеріңді ашуға болады. Рахмет.
5 «Т» ережесі (тәртіп, талап, тыныштық, тазалық, татулық).
- Әңгімелеу: Балалар, мен сендерге Н.Қадырбаев ағамыздың «Мейірім» әңгімесін оқып берейін.
«Айнұр көпшіл. Үнемі өзі қатарлы қыздар мен ұл балалар арасында ойнап жүреді. Олар да Айнұрдың соңынан бір елі қалмайды.
Енді, мінеки, атасы мен әжесінің ауылымен қош айтысатын мезгіл де жетті.
Папасы - әскери адам. Кезекті демалысы бітті. Жауынгерлік жаттығуларына қайта оралмақ.
Атасы мен әжесі:
- Балам, қайда жүрсең де аман бол. Еліңді, жеріңді сүй, қорға - деді.
Айнұр қоштасар сәтте ерекше мінез көрсетті.
- Ата, әже, папа, мама, бәріміз бірге тұрайық, - деді.
- Кәнеки, ондай болса. Бірақ папаңның жұмысы бар. Атаң мен әжең ауылда. Мүмкін емес қой жаным, - деді әжесі бауырмал Айнұрды кеудесіне қысып.
- Онда мен атам мен әжемнің қасында қаламын. Кетпеймін. Кім қарайды оларға? – деді төрт жасар Айнұр көзі жасаурап.
- Ендігі демалыста және келеміз, - деді мамасы.
- Жоқ. Мен осы жерде қаламын.
Айнұр папасы және мамасымен қоштасты. Қолын бұлғап қалды.
Папасы мен мамасы Айнұрдың бүгінгі мінезіне қайран қалды. Әйтсе де, қимай қоштасқандары жүздерінен байқалады. Ал атасы мен әжесінің қуаныштарында шек жоқ. Айнұрдың атасы мен әжесіне кішкентай бүйрегінің бұрып тұрғанына әбден риза болды»
Тәрбиеші балаларға сұрақтар қою арқылы жауап алады.
– Айнұр атасы мен әжесінің қасында не үшін қалғысы келді?
– Айнұр ауылда атасы мен әжесіне көмектесу үшін қалды.
– Атасы мен әжесі немересіне неге риза болды?
– Атасы мен әжесі Айнұрдың ауылда қалғанына риза болды.
– Сендер Айнұрдың орнында болсаңдар, не істер едіңдер?
- Мен де ата мен әжемнің қасында ауылда қалар едім.
– Сендер аталарың мен әжелеріңе сүйіспеншіліктеріңді қалай білдіре аласыңдар?
- Мен атама астына көрпе төсеп беріп сүйіспеншілігімді білдіремін.
– Мен әжеме шай құйып беріп сүйіспеншілік білдіремін, т.б.
Дәйексөз:
Тәрбиеші: Балалар, ата-аналарың сендерге туғаннан бастап азамат болғанша қамқор болады. Сендер де оларды сыйлауға, құрметтеуге үйренулерің керек. «Ата-анаңа құрметпен қара, әдеппен сөйле» деген нақыл сөз бекер айтылмаған.
Балалар аталған сөзді қайталап айтады.
Сергіту сәті:
Өлең мазмұнына сай қимыл-қозғалыс жасау.
Атаңның алып күрегін (күрек ұстаған),
Ауланың қарын күредім (қарды күреу),
Әжеме мен құдықтан (құдықтан су алған),
Су әкеліп беремін (шелекті көтеру),
Еденді де жуамын (еденді жуу),
Шаң тозаңды қуамын (шаңды сүрту).
Шығармашылық жұмыс.
Балалар алдарындағы ақ қағазға өз үйлерінің суретін салады.
Ойын: «Ғажайып сандықша»
Ойын шарты: Әдемі сандықшада отбасының суреттері (ата, әже, шеше, аға, әпке, іні, қарындас) т.с. салынған. Балалар көзін жұмып, сандықшаның ішінен бір сурет алып, суреттегі бейнеге өз құрметін, сыйластығын қалай білдіретінін айтады.
Тәрбиешінің сұрақтары.
– Сен әжеңді қалай сыйлайсың?
- Мен әжеме сыйлық сыйлап құрметтеймін.
- Сен атаңа қалай көмек көрсетесің?
- Мен атамның таяғын алып беріп көмектесемін.
- Қарындасыңмен татусың ба?
- Мен қарындасыммен ойыншық ойнағанда тату ойнаймын.
- Ініңмен қандай ойындар ойнайсың?
- Мен ініммен машина жүргізіп ойынаймын.
Ойын осылай жалғаса береді.
Ғажайып сөздер:
Тәрбиеші балаларға бүгінгі оқу қызметінде үйренген өнегелі сөздерін қайталап айтады.
«Үлкендерді құрметте»
«Ата-анаңды сыйла, ренжітпе»
Қорытындылау.
Тәрбиеші оқу қызметін қорытындылайды.
- Біз бүгін отбасында туыстардың, жақын адамдардың бірін-бірі жақсы көретіні, сыйласып тату болатыны, бір-біріне әрқашан көмектесіп, қамқор болатыны туралы білдік. Отбасы мүшелері бір-біріне түсіністікпен, сүйіспеншілікпен қараса барлығы бақытты болып, отбасында татулық орнайды.
Соңғы тыныштық сәті.
- Балалар, сендерден аяқ-қолдарыңды айқастырмай, түзу отыруларыңды өтінемін. Біз қазір тыныс алу жаттығуын жасаймыз. Тыныс алуға зейін қойған кезде, біздің ақылымыз дем алады. Ауаны ішке жұту кезінде тыныштық пен қуаныш қабылдаймыз. Демді сыртқа шығарған кезде өзіміздегі мазасыздықтарды сыртқа шығарамыз.
- Кәне дайындалайық, балалар. Көзімізді жұмамыз....арқамызды тіктейміз....қолдарымызды тізеге қоюға болады...
Дем ал.....шығар...(жаймен 5-6 рет).
Жүректен жүрекке:
Тәрбиеші: Балалар, шеңберге жиналып, бірге өлең жолдарын айтайық.
Әкем, шешем және мен,
Тату-тәтті тұрамыз.
Сыйластықпен, махаббатпен,
Сауық – сайран құрамыз!
Балалар енді қысқаша сүйіспеншілік туралы видео қараймыз.