Багытжанова Бахытгуль Сериккалиевна 1973 жылы 23 желтоқсанда дүниеге келген. 1995 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін "Мектепке дейінгі педагогика және психология мұғалімі, тәрбиеші" мамандығы бойынша бітірген. Өзінің педагогикалық қызметін 1996 жылы №34 "Солнышко" балабақшасының тәрбиешісі қызметінен бастаған, балабақшаның жабылуына байланысты 1999 жылы атқарып отырған қызметі бойынша №48 "Родничок" балабақшасына ауысқан. 2000-2017 жылдар аралығында №54 «Айгүл» балабақшасы ұжымында тәрбиеші қызметінде еңбек етіп келді. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап №9 "Әлия" балабақшасының әдіскері лауазымдық қызметіне тұрды. Осы уақыт аралығында ол өзін іскер, талапты, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын педагог екендігін көрсетті. Ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, кішіпейіл, білім мен тәрбиені ұштастыра білген педагог.
Бахытгуль Сериккалиевна өзінің кәсіби шеберлігін шыңдау жолында тынбай еңбек етуде. Бұл педагогты заман талабына сай қоғамға лайықты білімді де білікті педагог деп айтуға болады. Өз еңбек жолында жүйелі түрде АКТ жаңа технологиясын қолданып отырады, ұйымдастырылған оқу қызметтерін "флипчарт" түрінде құрып өткізеді.
Өзінің шығармашылық жұмыс тақырыбы: «Мектеп жасына дейінгі балалардың құқық тәрбиесі». Осы жұмысымен "Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан" атты Қалалық IX педагогикалық оқуына қатысты. Сонымен қатар, осы тақырыпқа байланысты "Балабақшадағы құқықтану" атты әдістемелік нұсқаулығын әзірлеп, оны Қалалық "Баламалы бағдарламалар және әдістемелік нұсқаулықтар" байқауында қорғады. 2012 жылы Балалар құқығын қорғау департаментінің тапсырысы бойынша ұйымдастырылған "Балалар - өмірдің гүлі" атты Қалалық семинарында "Біздің құқықтарымыз" тақырыбында ашық сабағын көрсетті.
2015 жылы балабақшаішілік «Шеберлік шыңында» атты сайысқа жас мамандарды даярлауға қосқан үлесі үшін жүлделі ІІІ орынмен марапатталды.
2016 жылы қалалық «Үздік жыл тәрбиешісі-2016» сайысында зерделі де, зерек білім мен өнерді шеберлікпен ұштастырып, жүлделі орынға ие болып, Қалалық білім бөлімінің ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды. Сол жылы білім беру саласында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас жеткіншектерді оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін Қалалық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2017 жылы Атырау облысы Білім беру басқармасы Әдістемелік кабинетінің Алғыс хатына ие болды. Осы жылы Республикалық ғылыми-танымдық «Білім айнасы» газеті мен «bilimainasy.kz» сайтының шығармашылық үрдісіне атсалысқаны үшін Мақтау қағазымен марапатталды.
Бахытгуль Сериккалиевна ұжымның қоғамдық өміріне де белсене араласады. 3 жыл бойы балабақшаның кәсіподақ ұйымының мүшесі ретінде қызмет атқарды. Әрдайым өзіне берілген тапсырмаларды бұлжытпай, тиянақты және үлкен жауапкершілікпен орындауға тырысады.